Аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Ай-Сенім 2 а» балабақшасында «Заттық дамытушы ортаны ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында семинар-практикум өтті, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылым.
Іс-шарының басты мақсаты – балалардың әртүрлі креативті идеяларын жүзеге асырып, олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту. Бүлдіршіндерді оқыту кезінде қолданылатын жаңа әдіс-тәсілдер бойынша өзара тәжірибе алмасу.
Семинардың негізгі бөлігі басталмай тұрып, ауданымыздың бөбекжайларынан келген қонақтар ұлттық нақыштарды насихаттайтын көрмені тамашалады. Онда қазақтың салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпын дәріптейтін аталмыш балабақшаның тәрбиешілері мен бүлдіршіндері мақта, қағаз, мата, ағаш сияқты материалдардан жасаған түрлі заттар мен ойыншықтар қойылды. Сондай-ақ көрмеде көптеген ойындарды қазақи нақышта көрсету мақсатында асықтан жасалған шахмат, нарды секілді ойын тақталары да көрсетілді.
Шараның негізгі бөлімінің шымылдығын аталмыш балабақшаның құрылтайшысы Күлжамила Абдигалиева ашып, келген балабақша директорлары мен тәрбиешілеріне алғысын білдіріп, семинардың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті. Мұнан кейін сөз кезегін аудандық әдістемелік орталықтың әдіскері Жанат Бегалиевке беріліп, семинар-практикумды ұйымдастырғандарға ризашылығын айтып, саналы әрі білімді ұрпақтың тәрбиесінде бөбекжайлардың орны ерекше екенін тілге тиек етіп, осы салада қызмет ететін адамдардың еңбегі зор екенін атап өтті.
Іс-шара барасында балабақшаның тәрбиешілері, психолог, логопед мамандары әртүрлі шеберлік сабақтарын өткізіп, балаларға жаңа ақпаратты үйретудің өзіндік әдістерін көрсетті.
Қызықты әрі ұтымды шыққан семинар соңында өзге бөбекжайлардан келген тәрбиешілер өзара пікір алмасып, Күлжамила Абдрахманқызы басқарған балабақша ұжымына алғыстарын білдірді.