Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күні аясында талай жылдан бері осы салада тынымсыз еңбек етіп жүрген Ләйла Бердіқожақызы жайлы айтсақ дейміз. Ол кісі жайында karasayinfo.kz желілік басылымында.
Ауданымыздағы абыройлы мемлекеттік қызметшінің бірі – Әбілқайырова Ләйла. Ол 1993 жылдан бері үздіксіз Жандосов ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарып келген болса, 2019 жылдан аталған округ әкімінің орынбасары.
Сонау бір кездері полиграфиялық училищені бітірген, кейін келе экономист мамандығын да алған Ләйла өз ісіне үнемі өте тиянақты қарап, тындырымды атқарады. Тапсырылған қандай жұмысты болсын үлкен жауапкершілікпен орындай біледі. Барынша байыпты, салмақты, сабырлы, сонымен қатар, тәрбиелі, тәртіпті, үлгілі. Алдына алуан түрлі шаруасымен келген адамдармен жылы сөйлесе, тіл табыса алады. Қашан көрсең де сыпайы, әдепті. Өз ісіне әбден төселген, тәжірибесі мол мықты маман екені әрдайым көрініп тұрады.
Осының барлығы да ойлап қарасақ, шынайы мемлекеттік қызметшіге тән қадір-қасиеттер деп анық айта аламыз. Иә, Ләйла Бердіқожақызы нағыз мемлекеттік қызметші. Сондықтан округ тұрғындары әрқашан оны сыйлайды, тыңдайды.
Бір өкініштісі, Ләйланың жолдасы ертерек қайтыс болып кеткен екен. Содан бері ұлы мен қызын аналық мейірімін төгіп, өзі тәрбиелеп өсіріпті. Бүгінде Бағдаты аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейді, үйленген, одан Сарина атты немересі бар. Ал, Әйгерімі тұрмыста, одан балдан тәтті Айнұр, Айбар атты жиен немерелері бар.
Ләйла Бердіқожақызы елге жаққан жақсы жұмысы, талаптан шыққан істері үшін бірнеше рет басшылық тарапынан грамоталар мен алғыс хаттарға ие болған.
Мереке құтты болсын, мемлекеттік қызметте алдағы уақытта да тек биіктен көріне беріңіз, Ләйла!