«Қара майор» атымен танылған Борис Керімбаев 71 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz Nur.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Айта кеткен жөн, кеше Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ауруханада жатқан Борис Керімбаевтың палатасына барып көңілін сұрап, оны әскери барлаудың «Алтын үкі» белгісімен марапаттаған болатын.
Борис Төкенұлы 1948 жылдың 12 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдап, 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болған.
Ауған соғысында сауатты басшылығының арқасында батыр командирдің ерлігі аңызға айналып, «Қара майор» деген лақап атты алған.
«Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясаттың өзі осылай жоғары көтеріп, мойындаған екен. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шыққан батыр туралы «Қара майор» фильміде түсірілген.
«Қара майордың» дүниеден озғаны туралы 12 ақпанда белгілі болып, «Боевое братство» ардагерлер одағының басшысы Сергей Пашевич растады.