Ақтөбе облысы Қобда ауданы Қызылжар ауылында өрт болып, 5 жасар егіз балалар қаза болды, — деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2022 жылдың 3 ақпанында кешке жеке тұрғын үй өртенген, өрт аумағы 8 шаршы метрді құраған.
«Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келгенге дейін еріктілер жалынның бетін қайтарып үлгерді. Қызылжар ауылына ең жақын өрт сөндіру қызметі 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт кезінде үйде 2017 жылы туған егіз бала болған. Екеуі де ыстан уланып қайтыс болды. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған», – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
ТЖД мамандарының болжамы бойынша, өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан шыққан.
«Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары, Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды және мүмкіндігінше балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауды сұрайды. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз», – деп қорытындылады өрт сөндірушілер.