Жылыту маусымында аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Осыған орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері үй-үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 100-ге жуық дабыл қондырғыларын орнатты, – деп хабарлайды Naqty.kz желілік басылымы.
Жалпы күздің соңғы күндері мен қысқы уақыт жақындағанда қауіпсіздік ережеріне ерекше мән беру қажет. Өйткені елдің көбі жылыту құрылғылары мен пештерді пайдалана бастайды. Сәйкесінше, өрт шығу қаупі артады. Осындай жағдайларды болдырмау үшін Қарасай ауданының аумағында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Оның барысында ТЖМ қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұржаларды дер кезінде тазалау қажеттілігі және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі сақтық шараларын еске салады. Онымен бірге тұрғындардың келісімімен үй-жайларды тексереді. Кемшіліктер немесе ескертулер анықталған жағдайда оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар береді. Сонымен қатар көміртек тотығы мен табиғи газдың ағуын анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстарын жүргізеді.
Осы уақытқа дейін мамандар аудан әкімдігінің қолдауымен 100-ге жуық дабыл қағатын қондырғылар орнатқан. Мұндай көмек ең алдымен жағдайы төмен, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне көрсетіледі. Себебі дәл осы санаттағы отбасылар тұрмыстық пештерді жиі пайдаланады және қауіпсіздік талаптарын сақтауға қажетті жағдайлары шектеулі.
– Біздің басты мақсатымыз – әрбір отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Дабыл жүйесі адамның өмірін сақтап қалуға арналған қарапайым, бірақ өте маңызды құрал. Алдағы кезеңде де бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болады, – дейді Қарасай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері.
