Елімізде 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Яғни, мемлекеттік органдар, мектептер, медициналық және басқа да мекемелер азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрата алмайды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы «Азаматтарға арналған үкіметтің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандықтар мекенжай анықтамаларын қажет болған жағдайда тіркеуге тұрған egov.kz электронды үкімет порталы мен «eGov mobile» қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.
Мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады.
Сонымен бірге, азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұрататын жеке компаниялар сияқты басқа ұйымдар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл жағдай – азамат тарапынан тек бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы сараптама жүргізіп, қазақстандықтардың жыл сайын әртүрлі ұйымдарға ұсыну үшін 20 миллионнан астам анықтаманы басып шығаратынын анықтады, олардың жартысына жуығы – мекенжай анықтамалары. Олар негізінен жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, одан бөлек, әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін сұратылған. Осылайша, мекенжай анықтамаларының күші жойылған кезде азаматтардың ХҚО-ға келу саны 10 миллион есе азаяды.